Қоғам

Абай кітапханасының жобасы АҚШ елшілері қоры бағдарламасында жеңімпаз атанды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың сирек қорды сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру жобасы АҚШ елшілері қорының (AFCP) мәдени мұраны сақтау бағдарламасында жеңіске жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба сирек қолжазбалар мен көне басылымдарды, оның ішінде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректерді және ақынның өзі қолданған кітаптарды сақтауды көздейді.

Бұл жұмыстың маңыздылығын кітапхана тарихындағы деректер де растайды. 1885 жылы Семейде болған америкалық зерттеуші, жазушы әрі журналист Джордж Кеннан кітапханаға келіп, Абай пайдаланған кітап қорымен танысқан. Кейін ол өз еңбектерінде қазақ ойшылы туралы жазып, оның есімін ағылшын тілді оқырманға алғашқылардың бірі болып таныстырған.

Алдағы уақытта сирек қолжазбалар мен басылымдарды қалпына келтіру және цифрландыру жұмыстары жүргізіледі. Заманауи технологиялар құнды мұраларды ұзақ мерзімге сақтап, оларды ғылыми-зерттеу, білім беру және ағартушылық мақсатта кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар