Қазақстанда әскер қатарында болмаған 50 жасқа дейінгі ер азаматтарды қайта әскери даярлықтан өткізу ұсынылды. Бұл бастаманы Астана қаласының Қорғаныс істері департаментінің өкілі Ғалымжан Бекмағамбетов көтерді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, мұндай шара еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға және әскери резервті жаңартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл ұсыныс тиісті органдарда талқыланып жатыр.
«Біз әскерге шақырылмаған азаматтардың әскери дағдыларын жаңартуды маңызды деп санаймыз. Бұл – еліміздің қауіпсіздігін нығайтудың бір жолы», – деді Бекмағамбетов.
Бастама бойынша 50 жасқа дейінгі ер азаматтар арнайы даярлық курстарынан өтуі тиіс. Нақты мерзімдер мен тәртіп әзірге белгісіз, бірақ мамандар бұл ұсыныстың жүзеге асуы ықтимал деп есептейді.

