Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада алғаш рет өткен «EduAI: Педагогикалық хакатон» республикалық білім беру алаңы екі күнге созылды. Оған еліміздің әр өңірінен 400-ге жуық педагог қатысып, жасанды интеллект негізіндегі инновациялық жобаларын ұсынды. Нәтижесінде 20 үздік педагог Оңтүстік Кореяға тағылымдамадан өтуге жолдама алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қатысушылар бұған дейін «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» атты республикалық онлайн курсты аяқтап, іріктеуден өткен. Хакатонда олар жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу, білім беру контентін әзірлеу, бағалау жүйесін автоматтандыру, жекелендірілген оқыту моделін құру және мектеп менеджментін жетілдіру бағыттарында жобалар әзірледі.
«Daryn Ustaz» орталығының жетекшісі Асқар Мақсаттың айтуынша, үздік 20 педагог орталық қаражаты есебінен Оңтүстік Кореяға жіберіледі. Ол бұл елдің жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесіне тиімді енгізген жетекші мемлекеттердің бірі екенін атап өтті.
«Педагогтеріміз I-Scream Media сияқты ірі технологиялық компаниялардың тәжірибесін зерделеп, жасанды интеллект шешімдерінің мектеп жүйесіне нақты қалай енгізіліп жатқанын көре алады», деді ол.
Қатысушылардың бірі хакатонның ең құнды тұсы әр өңірден келген мұғалімдердің қысқа уақытта бір командаға бірігіп ортақ жоба әзірлеуі екенін айтты. Олардың жобасы жасанды интеллект негізіндегі адаптивті білім беру платформасын құруға бағытталған. Бұл жүйе оқушының білім деңгейін анықтап, соған сәйкес жеке тапсырмалар ұсынуға мүмкіндік береді.
Сарапшы Төлеген Кәкімұлы мұндай форматтағы байқаулар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беретінін атап өтті. Ол қысқа уақыт ішінде әр өңірден келген педагогтердің бір командаға бірігіп, ортақ жоба әзірлегенін, ең маңыздысы идеяны тәжірибеде жүзеге асыру екенін айтты.

