Categories Саясат

16 мыңнан астам сотталған адамға рақымшылық жасалады

Сурет: istockphoto.com

Жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Бұл бастама жазалау жүйесін ізгілендіруге, сотталғандардың құқығын қорғауға және олардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Рақымшылық тек қылмыстық жазаларды жеңілдетіп қана қоймай, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған кейбір айыппұлдарды да қамтиды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әкімшілік рақымшылық аясында есептен шығарылатын айыппұлдар толықтай электронды жүйе арқылы жойылады. Азаматтарға ешқандай мекемеге барып өтініш жазу немесе қосымша анықтама жинау қажет емес, барлық рәсім автоматтандырылған. Рақымшылық қолданылғаннан кейін азаматтарға арнайы SMS-хабарлама жіберіледі.

Айыппұлдардың көпшілігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты. Мысалы, қауіпсіздік белдігін тақпау, жолақ белгілерін сақтамау, сондай-ақ қоғамдық тыныштық пен абаттандыру қағидаларын бұзуға салынған айыппұлдар рақымшылық шеңберінде қарастырылады.

Жаңа заң аясында сотталған әйелдердің жағдайына ерекше көңіл бөлінген. Жалпы рақымшылық шаралары үш мыңға жуық әйелге қатысты қолданылуы мүмкін. Олардың қатарында жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары бар аналар және пробациялық бақылауда жүрген азаматтар бар. Заң әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартып, олардың отбасымен байланысын нығайтуға және балаларын тәрбиелеуге мүмкіндік беруді мақсат етеді.

Алдын ала есептеулер бойынша рақымшылық шаралары 16 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды. Соның нәтижесінде шамамен 4,5 мың адам қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылса, тағы мыңдаған азаматтың жаза мерзімі қысқартылып, құқықтық жағдайы жеңілдетіледі. Дегенмен рақымшылық әр адамға жеке қаралады және оның қолданылуы жасалған қылмыстың сипатына, келтірілген зиянның өтелуіне, сондай-ақ сотталған адамның түзелу деңгейіне байланысты.

Кейінгі жылдары елімізде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер енгізілді. Соның ішінде кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыру мүмкіндігі кеңейтіліп, түзеу мекемелеріндегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту бойынша нақты шаралар қабылданды.

Рақымшылықтың белгілі бір санаттағы ауыр қылмыстарға қатысы жоқ екенін атап өткен жөн. Терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, адам өлтіру, адам саудасы, мемлекеттік опасыздық және балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстар үшін сотталғандарға рақымшылық қолданылмайды.

Рақымшылық – заңды бұзушылықты ақтау емес, керісінше қоғамға қайта оралуға мүмкіндік беру арқылы адам тағдырын түзетуге бағытталған гуманистік қадам. Ол мемлекеттің әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарын ұстанатынын көрсететін маңызды құқықтық тетік болып саналады.

Ұқсас жазбалар

Мәжіліс ҰҚШҰ елдерінде әскери күштердің болуы ережелерін жеңілдетуді қолдады

Мәжіліс депутаттары ҰҚШҰ келісімдеріне енгізілетін хаттаманы ратификациялады. Құжат әскери құрамалардың уақытша болу тетіктерін жеңілдетуге және…

Қазақстанда шетелдік шаруаларды жұмысқа алу талаптарын жеңілдету ұсынылды

«Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, ауыл шаруашылығына шетелдік…

Мәжіліс отырысында бірқатар халықаралық келісімдер мен заң жобалары қаралады

Бүгін Астанада Мәжілістің жалпы отырысы өтіп жатыр. Жиында бірнеше маңызды заң жобасы қаралады.