Басты тақырып

14 шілдеде Қазақстан мен Ресейдің әуе кеңістігі уақытша жабылады

Сурет: Роскосмос

14 шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-29» ғарыш кемесінің ұшырылуына байланысты Қазақстан мен Ресейдің бірқатар аумағында әуе кеңістігі уақытша жабылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Авиацияға арналған арнайы NOTAM хабарламаларына сәйкес, шектеулер Астана уақытымен 19:47-20:22 аралығында, яғни 35 минут бойы күшінде болады.

Шектеулер Қазақстан аумағымен қатар Ресейдің Сібір және Қиыр Шығыс өңірлеріне, соның ішінде Бурятия, Забайкалье, Тыва республикалары мен Иркутск облысына да қатысты. Сондай-ақ Красноярск аумағында 33 әуе бағытына уақытша шектеу енгізіледі.

Осылайша, ұшырылымға байланысты 4,1 мың шақырымнан астам әуе кеңістігі уақытша жабылады. Оның шамамен 2,5 мың шақырымы Ресей аумағына тиесілі.

«Союз МС-29» кемесінің экипажы құрамында ресейлік ғарышкерлер Петр Дубров, Анна Кикина және америкалық астронавт Анил Менон бар. Олар Халықаралық ғарыш станциясына ғылыми жабдықтарды жеткізіп, 38 ғылыми эксперимент жүргізеді.

Бұған дейін «Союз МС-29» экипажы Байқоңырда дайындық жұмыстарын жүргізген болатын. Дайындық аясында «Роскосмос» ғарышкерлері мен NASA астронавтары скафандрларын киіп көріп, олардың герметикалық жағынан қалай екендігі бақылап көрді. Сондай-ақ экипаж ғарыш кемесінің жабдықтарын қарап, кабинадағы іс-қимыл алгоритмдерін тексеріп алды.

Көп оқылғандар