Ауқымды мәдени шараға Қазақстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің өнерпаздары қатысып, көрермендерге дәстүрлі музыка, ән өнері және заманауи этникалық бағыттағы шығармашылық жобалар ұсынылады.
«ZHAIYQ SAZY» фестивалінің негізгі мақсаты – ұлттық өнерді, қазақтың дәстүрлі әні мен күй өнерін кеңінен насихаттау, сондай-ақ халықаралық мәдени байланысты нығайту. Мерекелік шара Орал қаласының туған күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Фестиваль бағдарламасы «Ұлы дала үні» атты театрландырылған қойылыммен басталады. Қойылымға «Жас ұрпақ» жастар театры, «Салтанат», «Қызғалдақтар», «Атамекен», «Ақжайық» би ансамбльдері, сондай-ақ Орал қаласының шығармашылық ұжымдары мен өнер орталықтары қатысады.
Фестивальдің арнайы қонақтары – танымал өзбекстандық әнші Севарахон Туланова және түркиялық әнші, музыкант әрі диджей Murat Yaprak. Сонымен қатар көрермендер жергілікті өнерпаздардың қатысуымен әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалай алады.
Мерекелік кештің басты бөлігі – еліміздің танымал өнерпаздары қатысатын гала-концерт. Сол күні Акылбек Бектасов, «Сақтау» этно-фьюжн триосы, Тлек Базаров, Жұбаныш Жексенов, 2RAR, Мақсат Рахмет және Bayansulu өнер көрсетеді.
Фестиваль мерекелік отшашумен қорытындыланады.
«ZHAIYQ SAZY» халықаралық этнофестивалін өткізу – Орал қаласының мәдени имиджін нығайтып, ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар фестиваль түрлі елдердің өнерпаздарын бір сахнада тоғыстырып, мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
