Сурет: kazhydromet.kz
12-14 қараша аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Синоптиктердің болжамы бойынша, елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қатты жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Батыста, солтүстікте және орталықта, ал 13 қарашадан бастап оңтүстікте жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
Республика бойынша жел күшейеді, шығыста жаяу бұрқасын соғады. Түнгі және таңертеңгі уақытта тұман түседі.
Батыста түнде температура 2-9 градусқа дейін жоғарылайды, күндіз 8-17 градус жылы болады. Солтүстікте түнде 2-10 градус аязға дейін төмендейді, күндіз негізінен 2 градус аяз бен 5 градус жылы аралығында болады.
Орталықта және шығыста түнде 5-15 градус аязға дейін төмендейді, күндіз негізінен 3 градус аяз бен 5 градус жылы аралығында болады.
«Ал оңтүстікте – түнде 1-8 градус аязға дейін төмендейді, күндіз 5-12 градус жылыға дейін жоғарылайды. Оңтүстік-шығыста түнде 3-8 градус, таулы аудандарда 11-16 градус аяз болады. Күндіз 2-10 градус жылыға дейін жоғарылайды, таулы аудандарда 1-6 градус аяз болады», делінген хабарламада.
Бүгін Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауа райына байланысты 12 облыстың көлік жүргізушілеріне ескерту жарияланды.
Мазмұнға өту
