Сурет: ӨҚМ
Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – коммуналдық желілерді, сорғы стансаларын, су қабылдау және кәріздік-тазарту құрылыстарын реконструкциялау, сондай-ақ заманауи есепке алу жүйелерін енгізу.
2029 жылға дейін 8 мың шақырымға жуық су желілерін жаңғырту жоспарланған. Жобалардың алдын ала құны шамамен 1 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 5 мың шақырым сумен жабдықтау желілеріне 0,7 трлн теңге, ал 2,8 мың шақырым су бұру желілеріне 0,4 трлн теңге бөлінеді.
Орал қаласында мониторинг жүргізіліп, жерасты су жинау алаңын кеңейту және сорғы стансаларын реконструкциялау жұмыстары атқарылуда. Бес су қабылдау ұңғымасының барлығы бұрғыланды, су құбырын тарту 95%-ға орындалды – 2,8 км құбыр тартылды. Нысанның дайындығы 77%-ды құрайды.
ҚАСС-20 нысанында 822 қума метр құбыр төселді, Шаған өзені мен Ревунок жылғасы арқылы 473,2 қума метр екі өткел жасалды. Ауыз су резервуарларын реконструкциялау 50%-ға орындалды.
Жыл соңына дейін 1,9 мың шақырымға жуық желіні жаңғырту жоспарлануда. Сондай-ақ, жалпы құны 0,8 трлн теңге болатын 45 кәріздік-тазарту құрылысы жобасы іске асырылады.
Бұл шаралар инженерлік желілердің тозуын 2029 жылға қарай 40%-ға дейін төмендетуге және су қызметтерінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мазмұнға өту
