Сурет: istockphoto.com
Жыл басынан бері Қазақстанда қосымша отын бактарын заңсыз орнату арқылы жанар-жағармайды заңсыз әкетуге қатысты 255 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 195-і шетел азаматтары, 60-ы – Қазақстан азаматтары, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, заң талаптарын бұзған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көліктеріндегі заңсыз орнатылған бензин бактары бөлшектелген. Мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр.
«Жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкетуге бағытталған кез келген әрекет дер кезінде анықталып, жолы кесіледі. Азаматтар мен жүк тасымалдаушыларды қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырамыз», делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Бұған дейін Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев елімізде жанармай тапшылығы қаупі жоқ екенін, бірақ заңсыз әкетудің алдын алу үшін бақылау күшейтілетінін айтқан.
Мазмұнға өту
