Сурет: Жайық Пресс
Жәнібек ауданында мемлекеттік қызметшілер бір күнге жұмыс кабинеттері мен құжаттарын ұмытып, волейбол добы мен құмарлыққа берілді. Аудан әкімінің кубогы үшін спорт алаңында сегіз команда бақ сынасты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Турнир мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахим Ихсановтың 100 жылдығына арналды. Жарысқа Ақжайық, Қазталов, Бөкейорда, Шыңғырлау, Тасқала, Сырым және Жәнібек аудандарының құрамалары, сондай-ақ облыс әкімі аппаратының командасы қатысты. Алғашқы партиялардан-ақ әр ұпай үшін тартыс жоғары болатыны байқалды. Жылдам шабуылдар блоктар мен құтқарушы пастарға ұласты. Әсіресе алаң иелерінің Сырым ауданы құрамасымен ойыны қызды – жәнібектіктер 2:0 есебімен жеңіске жетті.
– Біздің команда Сырым ауданы әкімдігінің атынан келді. Мұнда барлығы сегіз команда, көбімен жұмыстан жақсы таныспыз. Мемлекеттік қызметшілер спорттан қалыс қалмайды, командалық рух пен бірлікті нығайтады. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Сырым ауданы Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Уәлиахметов.
Аудан әкімінің кубогына арналған жарыс облыста дәстүрлі түрде өтеді, жыл сайын алаң жаңа ауданда таңдалады. Жыл басында мұндай турнирді Бөкейорда ауданы қабылдаған. Жәнібек ауылындағы бұл кездесу Мұстахим Ихсановқа арналған мерейтойлық іс-шаралардың бірі болды.
– Жыл сайын әкім кубогы үшін жарыс әртүрлі аудандарда өтеді. Бүгін біз Жәнібек ауданына қатысушыларды қолдау және ойындарын тамашалау үшін келдік. Турнир қорытындысы бойынша облыс әкімінің кубогы үшін күресетін командалар анықталады. Жәнібек ауданы үшін бұл үлкен оқиға, – деді Бөкейорда ауданы әкімінің орынбасары Кеңесары Нұршинов.
Салтанатты ашылуда қатысушылар мен қонақтар Мұстахим Ихсановтың өмір жолы және оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі туралы айтты. Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов мерейтойлық іс-шаралар атақты жерлесті еске алуға ғана емес, адамдарды пайдалы бастамаларға жұмылдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Осы уақытта алаңда финалға шығу жолындағы күрес жалғасты. Шешуші кездесуде Жәнібек ауданының командасы мен облыс әкімі аппаратының құрамасы кездесті. Нәтижесінде бас жүлде қонақтарға бұйырды – облыс әкімдігінің командасы турнир жеңімпазы атанды. Алаң иелері екінші орынға тұрақтады, үшінші орын Тасқала ауданының командасына берілді. Жеке марапаттар да болды. Үздік блокирующий – Фархад Шигапов, үздік шабуылшы – Асланбек Бауенов, байланыстырушы – Нұрболат Садырбаев. Ал турнирдің үздік ойыншысы атағы Тасқала ауданының командасынан Рустам Әділхановқа бұйырды.
