Әлем

Украина КҚК нысандарына шабуыл жасамауға келісті

Сурет: istockphoto.com

Украина АҚШ-пен келіссөздерден кейін Қазақстан мұнайы тасымалданатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына шабуыл жасамауға міндеттеме алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Киев Қара теңізде Ресеймен байланысы жоқ танкерлерге шабуыл жасамауға келіскен. Бұл ретте кемелер мен олардың иелері Украина санкцияларына енгізілмеуі, сондай-ақ Ресей азаматтарына немесе заңды тұлғаларына тиесілі болмауы тиіс.

Сонымен қатар Украина олардың бортында ресейлік мұнай мен Ресейден шыққан өзге де жүк болмауы қажеттігін ескерткен. Коммерциялық тасымалдаушылар үшін Украина арнайы байланыс арналары мен нұсқаулықтар әзірлеген.

Айта кетейік, шілде айында КҚК теңіз терминалы бірнеше мәрте дрон шабуылдарының нысанына айналды. 17 шілдеде Nordic Zenith мұнай танкеріне соққы жасалса, 19 шілдеде Қазақстан мұнайын тасымалдаған тағы екі танкерге шабуыл жасалды.

Осы оқиғалардан кейін теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Сыртқы істер министрлігі КҚК арқылы мұнай тасымалдайтын кемелерге жасалған шабуылдарды айыптап, оларды елдің экономикалық мүдделеріне төнген қауіп ретінде бағалады.

Ал 27 шілдеде Каспий құбыр консорциумы жүк жөнелтушілерден қайта мұнай қабылдай бастағанын, оны Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы жөнелтетінін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 28 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйде жабық форматта кездесу өткізді.

Көп оқылғандар