Басты тақырып

Үкімет Жолдауды жүзеге асыру шараларын қарастырды

Сурет: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын іске асыру шаралары талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Отырыста еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдар басшылары баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құруды басты мақсат ретінде айқындады. Оған қол жеткізу үшін еліміздің мол әлеуеті мен қазіргі заманауи инновациялық жағдайларда беріліп отырған орасан зор мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануымыз қажет. Президент жариялаған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы экономиканың барлық саласындағы түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашады. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді. Бұл Жолдау – алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат. Оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз керек», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының толық мәтінін мына сілтемеден оқи аласыз.

Көп оқылғандар