Сурет: РИА Новости
Түркия Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер азаматтарына өзара сапарларда төлқұжатсыз, тек жеке куәлікпен жүруге мүмкіндік беретін жобаны ілгерілетуді жалғастыруда. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Анкараның «2026 жылғы Түркі әлемінің туристік астанасы» атануына орай қалада Техникалық қолдау бағдарламасына қол қою рәсімі өтті. Іс-шара барысында түркі әлеміндегі интеграцияны жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастамалар таныстырылды.
Түркияның Әділеттілік және даму партиясы төрағасының орынбасары – Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасының төрағасы Күршад Зорлудың айтуынша, түркі мемлекеттерінен Түркияға келетін туристер саны шамамен 3,5 миллионды құрайды. Ал Түркиядан шетелге саяхаттайтындар саны 1 миллионнан сәл астам.
«Біз бұл көрсеткіштерді арттыруымыз қажет. Өйткені туризм – тек экономикалық мәселе емес. Ашылған бағыттар мен сол жолдар бойындағы мәдени көпірлер арқылы 300 миллионға жуық халқы бар тұтас түркі дүниесін, әсіресе жастардың, тарихымызды және бай мұрамызды танып-білгенін қалаймыз», деді ол.
Turkic ID жобасы алғаш рет 2026 жылғы 15 мамырда Түркістанда өткен ТМҰ-ға мүше елдер басшыларының бейресми саммитінде жарияланған. Қазіргі уақытта жеке куәлікпен саяхаттау тәжірибесі Қазақстан мен Қырғызстан, Қырғызстан мен Өзбекстан, Түркия мен Әзербайжан арасында екіжақты форматта қолданылады.
Күршад Зорлудың атап өтуінше, «ID-карта» бастамасы толық іске асса, түркі елдерінің азаматтары Түркияға төлқұжатсыз кіре алады. Бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде. Мақсат – туризмді дамыту, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және гуманитарлық байланыстарды нығайту.
Сонымен қатар, Түркия Түркі әлемінің бірыңғай музей картасын әзірлеуді аяқтады. Бұл және басқа да интеграция мәселелері биылғы 29 қазанда Анкарада өтетін ТМҰ саммитінде талқыланады деп күтілуде.
Қараша айында Анталияда өтетін Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында түркі мемлекеттерінің арнайы отырысын өткізу жоспарланып отыр. Онда бірлескен экологиялық және өзге де өңірлік жобалар талқыланады.
Мазмұнға өту
