Сурет: AP Photo
АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитінен кейін Түркиядан Ұлыбританияға ұшқан президенттік ұшақты неліктен жасырын ауыстырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай шешімді АҚШ Құпия қызметі мен әскери құрылымдар қабылдаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 8 шілдеде Анкарада өткен НАТО саммитінен кейін болды. Трамп телекамералардың алдында ұшаққа мінген, бірақ бірнеше минуттан соң лайнердің екінші жағындағы есікке тамақ жеткізуге арналған көлік келді.
Көліктің кузовы ұшақ есігінің деңгейіне дейін көтеріліп, Трамп пен бірнеше көмекшісі көлікке отырып, кейін C-32A әскери ұшағына мінді. АҚШ президенті Ұлыбританияға осы ұшақпен ұшып кетті.
Журналистер мен Ақ үй қызметкерлері президенттік ұшақта қалып қойды, олар Трамптың бортта жоқ екенін білмеді. Америкалық БАҚ-тың мәліметінше, президентті басқа ұшаққа ауыстыру операциясы Иран тарапынан жасалуы мүмкін қастандық қаупіне байланысты жүргізілген.
Трамп Вашингтон маңындағы Эндрюс бірлескен базасында журналистерге бұл шешімді өзі қабылдамағанын айтты.
«Мұндай шешімдерді Құпия қызмет қабылдайды. Мен олардың және әскерилердің нұсқауын ғана орындаймын. Олар менің басқа рейспен, басқа ұшақпен ұшуымды қалады. Сондықтан маған айтқанын жасадым. Қандай да бір қауіп болған шығар деп ойлаймын. Мен бұл туралы көп сұраған жоқпын. Маған жиі қауіп төнеді», деді АҚШ президенті.
Оқиға туралы ақпарат БАҚ-та жарияланғаннан кейін демократ-сенатор Ричард Блюменталь Конгресте брифинг өткізуді талап етті. Ол президент үшін қауіпті деп есептелген ұшақта қалған журналистер мен Ақ үй қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданғанын анықтауға шақырды.
Журналистер Трамптан президент үшін қауіпті деп танылған ұшақта басқа адамдардың неліктен қалғанын сұрады. Бұған жауап берген Трамп керісінше, өзі отырған әскери ұшақтың қауіп деңгейі жоғарырақ болуы мүмкін екенін айтты.
«Менің ойымша, мен отырған ұшақ үлкенірек қауіпте болды. Нысана ретінде оны таңдау ықтималдығы жоғары болған шығар», деді Трамп.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ираннан соңғы ондаған жылда болған қақтығыстар, шабуылдар мен наразылықтар салдарынан келтірілген шығын және адам өлімі үшін өтемақы төлеуді талап етті. Сондай-ақ Трамп АҚШ-та бала туу мақсатымен келетін шетелдіктерге шектеу қойды.
Мазмұнға өту
