Сурет: Getty Images
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы бітімнің аяқталғанын жариялап, Тегеранмен одан әрі келіссөз жүргізуден бас тартты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ақ үй басшысы бұл мәлімдемені НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен бірге өткен баспасөз мәслихатында жасады.
«Мен үшін бітім аяқталды. Мен олармен енді ешқандай іс жүргізгім келмейді. Біз келісімге келеміз, бәрі ядролық қарудан бас тартуға келіседі. Бірақ кейін олар БАҚ алдына шығып, бұл мәселе мүлде талқыланбағанын айтады», — деді Дональд Трамп.
Сонымен қатар АҚШ президенті өзінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Иранмен байланысын жалғастыруына қарсы емес екенін, алайда мұндай келіссөздерді «уақытты босқа өткізу» деп санайтынын жеткізді.
Баспасөз мәслихатында Трамп Испанияны да сынға алды. Ол Мадридтің НАТО-дағы қорғаныс шығындарын ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу жөніндегі міндеттемені орындамай отырғанын айтты.
Еске сала кетейік, бұл мәлімдеме АҚШ-тың Иран аумағындағы нысандарға әуе соққыларынан кейін жасалды. АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы 80-нен астам нысанаға соққы бергенін хабарлаған болатын. Вашингтон операцияны Иранның Ормұз бұғазындағы үш мұнай танкеріне жасаған шабуылына жауап ретінде жүзеге асырғанын мәлімдеді.
Мазмұнға өту
