Сурет: Ақорда
Республикалық тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Келешек мектептері» жобасы бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы алдағы үш жылда бұл мектептер білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, білім беру нәтижелері төмен облыстарға нақты көмек көрсетуді, оның ішінде арнайы талдау жүргізуді тапсырды.
«Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нәтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырамын. Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мәселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім мазмұнын заман талабына сай жаңғырту қажеттігін де айтты.
«Мысалы, тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет. Ал тиісті бағдарламаларды даярлау, бұл – министрліктің жедел мақсаты. «Келешек мектептері» инновациялық шешімдерді енгізу және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаруы керек. Осы орайда Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына зор жауапкершілік жүктеледі. Алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс», деді Президент.
Еске сала кетейік, бүгін 26 тамызда елордада республикалық тамыз конференциясы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұрғанын айтты.
