Сурет: ті түсірген – Ерлан Омар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қаржы жүйесінің орнықтылығын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің сөзінше, банк активтері 75 триллион теңгеден асқан, ал депозиттер 52 триллион теңгеге жетіп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталуы теңгенің құндылығының артқанын көрсетеді.
«Депозиттердің көлемі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион теңгеге жетті. Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Бұл ұлттық теңгенің құндылығы арта түскенін көрсетеді», деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға бағыттауды маңызды міндет деп атады. Ол Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға қатысу қажеттігін айтты.
«Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді», деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады.
Мазмұнға өту
