Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа жарлық шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы цифрландыру дәуіріне қарамастан, кітаптың «рухани-адамгершілік құндылықтар әлеміне апаратын сенімді жолсілтер» болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда қоғамда, әсіресе жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылық қайта артып келеді.
«Кітап оқу мәдениеті жасанды интеллект заманында да ұлтымыздың мінез-құлық кодексінің ажырамас бөлігі болып қалуы тиіс», – деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев «оқитын, зияткер ұлт» қалыптастыру және кітап оқуды кеңінен насихаттау жөніндегі шаралар туралы жарлыққа алдағы екі апта ішінде қол қоятынын жеткізді.
Фото: Әлеуметтік желіден

