Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын 1 мамыр – Бірлік күнімен құттықтап, ұлттың басты құндылықтарына тоқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Ақорданың ресми сайтында жарияланған құттықтауында бұл мерекенің қоғамдағы ынтымақ пен ырыстың, сыйластық пен отаншылдықтың символы екенін атап өтті.
«Құрметті отандастар! Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн қоғамымыздың ынтымақ пен ырыс, төзімділік пен сыйластық, отаншылдық пен туған жерге деген сүйіспеншілік сияқты мызғымас құндылықтарын бейнелейді. Тағдыр тоғыстырған Қазақстан өз шаңырағының астына түрлі этнос өкілдерін жинап, бір үлкен отбасыға айналдырды. Бұл – біздің басты байлығымыз. Халқымыз ежелден «Татулық – таусылмас бақыт» деп бекер айтпаған. Бейбітшілік, мейірімділік, өзара көмек сияқты дәстүрлер біртұтас халқымыздың ұлттық болмысының ажырамас бөлігі болып қала беруі маңызды. Біз әртүрліміз, бірақ біргеміз. «Әралуандықтағы бірлік» формуласы мемлекеттік саясаттың және қазақстандықтардың күнделікті тіршілігінің мәнін дәл көрсетеді», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент жаңа Конституцияның кіріспесінде бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық сияқты қағидаттар бекітілгенін еске салды.
«Бұл – әрбір азаматтың құқығы мен мүмкіндігі тең болатын әділетті, тұрақты, бақуатты қоғамда өмір сүріп, еңбек етуге ниетті отандастарымыздың саналы таңдауы. Оған елімізді ауқымды жаңғыртудың іргетасына айналған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы кепілдік береді. Ортақ тарихымызға, бүгініміз бен болашағымызға деген жауапкершілік – патриотизмнің жасампаз күші әрі Қазақстан халқының сарқылмас өмірлік қуаты. Біз бірге даму жолында жаңа белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Баршаңызға, қымбатты отандастар, зор денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін!», – деп толықтырды Мемлекет басшысы.
Фото: Әлеуметтік желіден

