Басты тақырып

Тоқаев: Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерлерінің саны 10 есе өсті

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында мұғалімдерге қолдау көрсету білім саласын дамытудың маңызды бағыты екенін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары салада ауқымды жұмыс атқарылып, нәтижелері де көріне бастаған.

«Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Жалпы, еліміздегі білім саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарылды. Нақты нәтижелер де бар. Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерлерінің саны 10 есе ұлғайғанын атап өтті.

«Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет. Білім беру саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған біраз түйткіл бар. Сондықтан бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталғанды жөн деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, бүгін 26 тамызда елордада республикалық тамыз конференциясы өтті. Биылғы ұстаздар жиыны «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналды. Жиында Президент Жаңа Ата заңда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілгендігін атап өтті.

Көп оқылғандар