Сурет: Жайық Пресс
Теректі ауданындағы Подстепновка №1 жалпы білім беретін мектебінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы сыныбының ашылуына және оқушылардың салтанатты ант қабылдауына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа сыныпқа мектептің тұңғыш директоры Г. Акежановтың есімі берілді. Бұл шешім мектептің қалыптасуы мен дамуына, бірнеше буын оқушыны тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан адамның жадына құрмет ретінде қабылданды.
Сынып ашуға дайындық барысында мектеп ғимаратында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихына, әскери дәстүрлерге, Отан қорғаушылардың ерлігіне және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге арналған көрнекі үгіт материалдары әзірленді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қатысты. Олар оқушыларға әскери киім үлгілерін көрсетіп, әскери қызметтің күнделікті өмірі, тәртібі мен дәстүрлері туралы әңгімеледі. Оқушылар қызмет жағдайымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Іс-шараның орталық сәті «Жас сарбаз» сыныбы оқушыларының салтанатты ант қабылдау рәсімі болды. Бұл жас қатысушылар үшін Қазақстан мен Қарулы Күштер тарихын оқуға, дене және моральдық-психологиялық дайындыққа, жауапкершілік пен тәртіпке тәрбиелеуге байланысты жаңа кезеңнің символдық бастауы болды.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, білім саласының, қорғаныс құрылымдарының, әскери-патриоттық қозғалыстың өкілдері, ардагерлер, әскери қызметшілер, педагогтар, оқушылар және мектептің тұңғыш директоры Г. Акежановтың туыстары қатысты.
Ұзақ жылғы педагогикалық еңбегі, мектептің дамуына және бірнеше буын оқушыны тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін ардагерлерге Батыс Қазақстан облысы әкімінің атынан естелік белгілер мен алғыс хаттар табыс етілді. Атап айтқанда, Потапова Альфия, Беликова Любовь, Горшкова Зоя, Сибина Ольга, Утарова Татьяна, Бахитжанова Алия, Бушанова Гульжиян марапатталды.
«Подстепновка №1 жалпы білім беретін мектебі» КММ директоры Жумагазиева Райханға «Жас сарбаз» сыныбын ашуға бастамашылық жасағаны, қолдау көрсеткені және тікелей қатысқаны үшін, ал НВП жетекшісі Калинин Романға оқушыларды әскери-патриоттық тәрбиелеу, салтанатты іс-шараға дайындау және сыныпты құру мен дамытуға белсенді қатысқаны үшін ерекше алғыс білдірілді.
Мазмұнға өту
