Сурет: Egemen Qazaqstan
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткен сенбілік барысында су нысандары мен гидротехникалық құрылыстардың аумағынан 465 тоннадан астам қоқыс жиналды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған акция Дүниежүзілік тазалық күніне орайластырылып, еліміздің барлық өңірінде өтті.
Іс-шараға «Қазсушар» РМК, бассейндік су инспекциялары, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі және «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ мамандары қатысты.
Сенбілік қорытындысы бойынша өзендер, көлдер, суару каналдары, су қоймалары және өзге де су нысандары мен гидротехникалық құрылыстардың аумағынан 465,7 тонна қоқыс жиналды.
Астанада Су ресурстары және ирригация министрлігінің орталық аппараты мен комитеттерінің мамандары көшелерді тазалау және абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
«Бүгін Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өткен сенбіліктер су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру үшін өте маңызды. Еліміздің су саласының мамандары өз үлгісі арқылы су нысандарын ластанудан қорғаудың маңызын көрсетті. Естеріңізге сала кетейін, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Мөлдір бұлақ» акциясы бойынша бұлақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл бастама азаматтар арасында кең қолдау тауып отыр», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
