Сурет: СІМ
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов Сауд Арабиясында жүрген Қазақстан азаматтарына қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берді. Бұған елдегі азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдар себеп болған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға бірқатар ұсыныс берді: қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындау; аса қажеттілік болмаса, әуежайларға бармау және рейстердің мәртебесін алдын ала нақтылау; адамдар көп жиналатын орындар мен қауіп деңгейі жоғары нысандардан аулақ болу; мүмкіндік болса, шұғыл емес сапарларды кейінге қалдыру.
Төтенше жағдай туындаған кезде Қазақстан азаматтары Эр-Рияд қаласындағы Қазақстан елшілігіне немесе Жидда қаласындағы Бас консулдыққа хабарласа алады.
Бұған дейін Йемендегі хуситтердің Эр-Рияд қаласындағы Король Халид атындағы әуежайға жасаған шабуылы салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 309 адамның зардап шеккені хабарланған болатын. Айта кетейік, Эр-Рияд әуежайына жасалған шабуылдан қаза тапқандар саны 13-ке жетті.
