Сурет: видеодан скриншот
Италияның Сицилия аралындағы Мессина қаласындағы аймақтық музейден Қайта өрлеу дәуірінің атақты суретшісі Антонелло да Мессинаның төрт туындысы жоғалып кетті. Қылмыскерлер дабыл жүйесін өшіріп, төрт ағаш панельді алып кеткен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұрлық 15 тамыз кешінде болған. Белгісіз адамдар музейге кіріп, қауіпсіздік жүйесі мен дабылды сөндірген. Содан кейін арнайы витринаны бұзып, қос жақты ағаш панельдерді алып кеткен.
Ұрланған туындылардың ішінде Сан-Грегорио полиптихінің бес панелінің үшеуі, сондай-ақ бір жағында Мадонна мен сәби, екінші жағында Христос бейнеленген қос жақты картина бар.
Музей әкімшілігінің мәліметінше, қылмыскерлер полиптихті толық шешіп үлгермеген. Қазір оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр.
Сан-Грегорио полиптихі жергілікті монастырь үшін жасалған. Туынды 1908 жылғы жер сілкінісін қоса алғанда, бірнеше рет зақымдалып, кейін бірнеше мәрте реставрациядан өткен.
Ал Мадонна мен сәби, сондай-ақ Христос бейнеленген қос жақты ағаш панель Лондондағы әйгілі Christie’s аукцион үйінен сатып алынған.
Антонелло да Мессина (шамамен 1429–1479 жылдар) – Қайта өрлеу дәуірінің ерте кезеңіндегі Сицилияның ең ірі суретшілерінің бірі. Оның сақталған туындыларының саны шамамен 40-қа жуық.
Суретшінің шығармалары ұзақ уақыт бойы Сицилия аумағынан шығарылмаған. Тек осы ғасырда оның бірқатар туындысы көрмелерге қойылу үшін аралдан тыс жерлерге шығарыла бастаған.
Жақында суретшінің «Тікенек тәж киген Христос» (Ecce Homo) атты ағашқа салынған туындысы Sotheby’s аукцион үйінен 12 млн долларға сатып алынған.
Айта кетейік, бұған дейін Франциядағы музейлердің бірінен құны шамамен 4 млн еуро болатын зергерлік бұйымдар ұрланған еді.
Еске салайық, бұған дейін Францияның солтүстік-шығысындағы Lalique шыны музейіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы және Италияның Парма қаласы маңындағы мұражайда әлемге әйгілі суретшілердің құнды картиналары ұрланғаны жөнінде хабарлаған едік. Сондай-ақ Француздық режиссер Ромен Гаврастың «ғасыр ұрлығы» деп аталған Луврдағы атышулы ұрлық туралы фильм түсіретіні жарияланды.
Мазмұнға өту
