Сурет: istockphoto.com
Таиландтың Бангкок қаласында Қазақстанға заңсыз өтпек болған шри-ланкалық отбасы ұсталды. Таиландтың иммиграциялық қызметі заңсыз көшіруді ұйымдастырды деген күдікпен екі әйелді қамауға алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Анаса есімді әйел мен оның 14 және 5 жастағы екі ұлы алдымен Шри-Ланка төлқұжаттарымен Таиландқа келіп, кейін Малайзия арқылы Қазақстанға ұшпақ болған. Малайзияда оларды ертіп жүрген Ливия есімді азамат өзін балалардың анасы ретінде таныстырған. Алайда әуе компаниясының қызметкерлері құжаттардағы сәйкессіздіктерді байқап, жолаушыларды рейске отырғызудан бас тартқан.
Сәтсіз әрекеттен кейін отбасы Мьянма арқылы Қазақстанға жетуге қайта оқталған. Дегенмен бұл жолы да олардың әрекеті сәтсіз аяқталып, Таиландтағы Донмыанг әуежайында иммиграциялық қызмет өкілдерінің қолына түскен. Тексеру кезінде Анаса мен оның үлкен ұлы бөтен адамның төлқұжаттарын пайдаланғаны анықталды. Ал бес жасар баланың қолындағы Малайзия төлқұжаты заңды түрде рәсімделген. Оқиғадан кейін Анаса мен Ливияға жол жүру құжаттарын заңсыз пайдаланды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды.
Таиланд билігі құқық бұзушылық әрекеттерінде балалар саудасының белгілері анықталмағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта екі бала мемлекет қамқорлығына алынған. Оларды дипломаттардың көмегімен Шри-Ланкаға қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мазмұнға өту
