Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстанда шегірткеге қарсы 480 мың гектарға жуық алқап өңделді. Бұл — жоспардың 85 пайызы, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, үйірлі шегірткеге қарсы 396 мың гектар, ал жергілікті түрлеріне қарсы 83 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
«Шегіртке дернәсілінің дамуына қолайлы жағдай туындап отыр. Сондықтан мониторинг пен өңдеу жұмыстарын күшейттік», — дейді министрлік өкілдері.
Қазіргі таңда еліміздің үш облысында карантин режимі енгізілген. Мамандар фермерлерге егістіктерін үнемі тексеріп, зиянкестер табылған жағдайда дереу хабарлауға кеңес береді.
Биылғы жылы шегірткеге қарсы күреске 5,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

