Әлем

Сеул Пхеньянға келіссөз ұсынды: Корей түбегіндегі текетірес бәсеңдей ме?

Сурет: Egemen Qazaqstan

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен Солтүстік Кореямен ұзаққа созылған қақтығысты тоқтату үшін келіссөздер бастауды және Пхеньянның ядролық бағдарламасын одан әрі дамытуын тежеу жолдарын талқылауды ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ол сондай-ақ Корей түбегіндегі қазіргі бітім режимін толыққанды бейбітшілік режиміне ауыстыруға ниетті екенін мәлімдеді. Корей соғысы 1953 жылы бітім туралы келісіммен тоқтағанымен, тараптар арасында ресми бейбіт келісім жасалмағандықтан, екі Корея заң жүзінде әлі де соғыс жағдайында саналады.

Ли Чжэ Мен екі елді бір-біріне қауіп төндіруден бас тартып, өзара құрмет көрсетуге және текетірес деңгейін төмендетуге шақырды. Оның айтуынша, Оңтүстік және Солтүстік Корея қақтығысқа тікелей қатысушы тараптар ретінде келіссөз үстеліне отырып, ұзаққа созылған соғысты тоқтату мәселесін талқылауы керек.

Оңтүстік Корея президенті сондай-ақ әскери шиеленісті азайтуға, текетіресті бақылауда ұстауға және жаңа дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесін құруды ұсынды.

Алайда Пхеньян Сеулдің бұған дейінгі диалог орнату жөніндегі ұсыныстарына әзірге жауап берген жоқ.

Көп оқылғандар