Сурет: ашық дереккөз
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиевпен қарым-қатынасы туралы әңгімелеп, оның бұдан былай мемлекеттік қызметке тағайындалмайтынын жеткізді. Бұл туралы ол журналист Әли Токтакуновқа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Садыр Жапаровтың айтуынша, ол Қамшыбек Тәшиевпен 2005 жылдан бері дос болған. 2020 жылы президент болған соң, Тәшиевті Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы етіп тағайындаған.
«Ол бес жыл бойы жақсы жұмыс істеді. Бірақ бір кемшілігі – достары мен сыныптастарының әрекетін тиісті деңгейде бақылай алмады. Сол себепті қызметінен кетті», деді Қырғызстан президенті.
Жапаров Тәшиевтің жұмысында қателіктер болғанымен, оның ел дамуына қосқан үлесін жоққа шығармайтынын атап өтті.
«Әр адамның кемшілігі болады. Адам жұмыс істеген кезде қателіксіз болмайды. Ол менің досым болып қала береді. Бірақ оны қандай да бір мемлекеттік қызметке тағайындау жоспарда жоқ», деді Садыр Жапаров.
Президенттің пікірінше, Тәшиевке қазір демалуға, өткен кезеңді саралауға және өз қателіктерін түсінуге уақыт қажет.
Еске салайық, 10 ақпанда Садыр Жапаров ұзақ жылғы серіктесі Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатқан еді. Тәшиевке қатысты «75 ісі» бойынша сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Кейін оған билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Мазмұнға өту
