Сурет: ашық дереккөзден
Рим папасы XIV Лео өкпесіндегі түйінді түзілісті алып тастау мақсатында алдағы күндері ота жасатады. Қараша айында понтификтің Уругвай, Перу және Аргентинаға баруы жоспарланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол 11 қазан, жексенбі күні Ватикандағы уағызынан кейін өзі мәлімдеді. Аталған ақпаратты Vatican News таратты.
«Түзіліс ең ерте кезеңінде анықталды және нақты бір жерде орналасқан. Дәрігерлер хирургиялық араласуды орынды деп санайды. Сондықтан олардың ұсынысын ескере отырып, оны алып тастау үшін ота жасатуға шешім қабылдадым», деді 71 жастағы Католик шіркеуінің басшысы Әулие Петр алаңына жиналған жұртқа.
Қасиетті Тақтың баспасөз қызметінің жетекшісі Маттео Брунидің айтуынша, ота келесі аптаның алғашқы күндерінде жасалады. Қалпына келу кезеңіне шамамен жеті күн қажет. XIV Лео Рим қаласындағы Агостино Джемелли университеттік клиникасында операция жасатады.
Жексенбілік уағыз кезінде понтифик отаға қарамастан, келесі айдың басында жоспарланған сапарына шығуға ниетті екенін растады. Сапар кестеге сәйкес 6-17 қараша аралығында өтеді.
Бұған дейін XIV Леоның денсаулығына қатысты проблемалары болмағаны хабарланды. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ол белсенді өмір салтын ұстанады, апта сайын теннис ойнайды. Сондай-ақ Италияның Кастель-Гандольфо қаласындағы жазғы резиденциясында болған кезде жүзумен айналысады.
