Әлем

Ресейге Орталық Азиядан баратын еңбек мигранттарының саны азайып жатыр

Сурет: Egemen Qazaqstan

2026 жылдың алғашқы жарты жылында Ресейге жұмыс істеуге барған Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтарының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 15 пайызға кеміген. Бұл туралы Ресейдің Шекара қызметінің деректеріне сілтеме жасаған «Ведомости» басылымы хабарлады, деп жазады Egemen.kz, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қаңтар-маусым аралығында аталған елдердің азаматтары Ресейге жұмыс мақсатында шамамен 1,9 миллион рет кірген. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,3 миллионнан асқан болатын.

Ең көп еңбек сапары Өзбекстан азаматтарына тиесілі. Алты ай ішінде олар Ресейге шамамен 1,1 миллион рет жұмыс іздеп барған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайыздан астамға аз.

Тәжікстан азаматтарының еңбек мақсатындағы кіру саны 18 пайызға жуық қысқарып, 494 мыңды құраған. Ал Қырғызстан азаматтарының көрсеткіші 17 пайызға жуық төмендеп, 289 мыңға жеткен.

Басылымның мәліметінше, еңбек мигранттарының азаюына Ресейдің соңғы жылдары миграциялық саясатты күшейтуі әсер еткен.

2024 жылы «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіден кейін Ресей билігі шетел азаматтарына бақылауды күшейтті. Елдің түрлі өңірлерінде рейдтер ұйымдастырылып, құжаттарды тексеру жиілеген, ал бірқатар мигрант елден шығарылған.

Сонымен қатар Ресейдің көптеген өңірінде шетелдіктердің көлік, сауда, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларда жұмыс істеуіне шектеулер енгізілді. Бұдан бөлек, еңбек мигранттарына арналған патенттердің құны да өсті.

Материалда құқық қорғаушылардың мәліметіне сүйеніп, Орталық Азия азаматтарының бір бөлігі Ресей Қорғаныс министрлігімен әскери келісімшарт жасауға үгіттелетіні немесе мәжбүрленетіні туралы да айтылған. Бұл келісімшарттар Украинадағы соғысқа жіберуді көздейді.

Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап Ресей мектептеріне қабылданатын шетелдік азаматтардың балалары орыс тілін меңгергенін растауы тиіс. Құқық қорғау ұйымдары бұл талапты сынға алып, Ресей қоғамында ксенофобиялық көңіл-күйдің күшейіп, Орталық Азия елдерінен келген азаматтарға қысым көрсету жағдайларының жиілегенін мәлімдеген.

Көп оқылғандар