Әлем

Қытайдағы су тасқыны: хайуанаттар бағынан 100-ден астам жануар ағып кетті

Сурет: Report

Қытайдың Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы су тасқыны хайуанаттар бағына үлкен зардап келтірді. Су басу салдарынан 100-ден астам жануардың ағып кеткені хабарланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Хайуанаттар бағының аумағын түгел су басып, жануарлардың көпшілігі ағып кеткен. Торда қалған жыртқыштардың бір бөлігі, оның ішінде үш арыстан, суға кетіп өлген.

Алдын ала мәлімет бойынша, хайуанаттар бағына келтірілген шығын шамамен 4 млн юаньға (590 мың долларға жуық) бағаланып отыр.

Бұған дейін Қытайдың шығысындағы Ханчжоу қаласында су тасқынынан кейін жылан фермасынан жүздеген улы жылан ағып кетіп, адамдарға шабуыл жасай бастағаны хабарланған еді.

Шілде айының басында «Майсак» тайфуны нөсер жауын әкеліп, Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы өзендерде су деңгейі қауіпті межеден асқан. Табиғи апаттан 39 адам қаза тауып, тағы 9 адам із-түзсіз жоғалған.

Сонымен қатар Люлань су қоймасындағы бөгет бұзылды.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы демалыс күндері Қытайдың шығыс жағалауына жақындап келе жатқан қуатты «Бави» тайфуны елдің бірқатар өңірінде тағы да нөсер жауын мен су тасқынын тудыруы мүмкін.

Қытай су тасқынынан зардап шеккен өңіріне қосымша гуманитарлық көмек жіберген.

Көп оқылғандар