Әлем

Қытайда «Долфин» тайфуны 388 әуе рейсін тоқтатты

Сурет: Xinhua

Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясына «Долфин» тайфуны қайта соққы беріп, әуе қатынасына кедергі келтірді. Ханчжоудағы халықаралық әуежайда 388 рейс тоқтатылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қытай Ұлттық метеорологиялық орталығының мәліметінше, маусымдағы 13-ші «Долфин» тайфуны Вэньчжоу қаласына қарасты Юэцин уезінің жағалауына жеткен. Тайфун орталығындағы желдің жылдамдығы секундына 38 метрге, яғни 13 баллға дейін жеткен.

Бұл тайфун провинцияға алғаш рет жексенбі күні сағат 17:30 шамасында соққан. Сонда ол Тайчжоу қаласына қарасты Юйхуань уезінің жағалауына жетіп, желдің екпіні 14 баллға дейін жеткен.

Апат салдарынан провинцияның әкімшілік орталығы Ханчжоудағы Сяошань халықаралық әуежайында келетін және ұшып шығатын 388 рейс тоқтатылды.

Қытай Ұлттық метеорологиялық орталығы тайфун әсеріне ұшыраған аймақтардағы жергілікті билік органдарына қатты нөсер жаңбырдан сақтану үшін қажетті шараларды қабылдауды ескертті.

Бұған дейін Қытай билігі «Долфин» тайфунының жақындауына байланысты тұрғындарды қорғау шараларын күшейткен болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясына желдің жылдамдығы секундына 45 метрге жететін «Хунся» тайфуны соққан еді. Табиғи апатқа байланысты қауіпті аймақтардан 700 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Көп оқылғандар