Әлем

Қытай зымыраны ұшырылғаннан кейін 90 секундта жарылды

Сурет: ашық дерекөздерден

Қытайдың Long March 7A зымыран-тасығышы Хайнань аралындағы Вэньчан ғарыш айлағынан ұшырылғаннан кейін 90 секундқа жетпей апатқа ұшырады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Зымыран орбитаға ChinaSat-4B байланыс серігін шығаруы тиіс еді. Алайда ұшу барысында ақау пайда болып, миссия сәтсіз аяқталды. Бұл туралы мемлекеттік Xinhua агенттігі хабарлады.

South China Morning Post мәліметінше, зымыран ұшырылғаннан кейін 90 секундқа жетпей жарылып, қою қара түтінге оранған отты шарға айналған. Зымыран да, оның алып шығуы тиіс спутнигі де Оңтүстік Қытай теңізінің үстінде жоғалған.

Ресми хабарламада: «Ұшу кезінде зымыранда ақау пайда болып, бұл ұшырылымның сәтсіз аяқталуына әкелді. Апаттың нақты себебі алдағы тергеу барысында анықталады», делінген.

ChinaSat-4B спутнигі бүкіл әлемдегі пайдаланушыларға радио, телевизия және басқа да байланыс қызметтерін ұсынуға арналған еді. Long March 7A — Қытайдың жаңа буындағы зымыран-тасығыштарының бірі. Оның алғашқы ұшырылымы 2020 жылғы наурызда сәтсіз аяқталған. Алайда бір жылдан кейін зымыран қайта ұшырылып, миссия сәтті жүзеге асқан. Кейін Long March 7A бірнеше сәтті ұшырылымды орындаған.

Қытай билігі қазіргі уақытта зымыранның апатқа ұшырау себептерін анықтау бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Көп оқылғандар