Сурет: kaktus.media
Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев ұзақ үзілістен кейін көпшілік алдына шығып, Ыстықкөл форумында сөз сөйледі. Ол қазіргі президент Садыр Жапаровқа қосымша мандат беру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Асқар Ақаевтың айтуынша, Қырғызстан алдағы 8-10 жыл ішінде экономикалық табысқа жете алады. «Мен келесі 10 жылдықта еңбекқор қырғыз халқы жаңа экономикалық ғажайып жасай алатынына сенемін. Халқымыз Садыр Жапаровты күрделі кезеңде президент етіп сайлады. Ол кезде экономика терең дағдарыста, ал әлеуметтік-саяси ахуал шиеленіскен болатын. Бүгінде экономикада оң динамика байқалады», деді ол.
Экс-президент экономикалық өсімнің нәтижелері 3-5 жылдан кейін толық сезілетінін атап өтті. Ол Қырғызстан халқы стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдайтынын айтып, президентке ұзақ мерзімді реформаларды жүзеге асыру үшін қосымша мандат беру маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ Қырғызстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын ел тарихындағы маңызды оқиға деп бағалады.
Еске сала кетейік, 3 маусымда Қырғызстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды. Көрші ел дауыс берудің төртінші турында 142 дауыс жинап, Азия-Тынық мұхиты өңірі атынан үміткер болған Филиппин мемлекетінен басым түсті.

