Сурет: eltr.kg
Қырғызстанда «75 адамның хаты» ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Билікті күшпен басып алуға дайындық ісінде куәгер ретінде Эльвира Сурабалдиевадан жауап алынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жогорку Кенеш депутаты прокурордың сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстандық блогерге берген сұхбатындағы сөздері алдын ала келісілмегенін айтты. Ол қоғамды саяси көзқарастар бойынша бөлуге қарсы екенін және парламентке түскен хатты саяси сипатта деп санайтынын жеткізді. Сурабалдиева хат пен интернеттегі жарияланымдардан кейін елдегі саяси процестердің ықтимал дамуы туралы өз пікірі қалыптасқанын атап өтті.
Сотта Қамшыбек Тәшиевтың адвокаты Икрамидин Айтқұлов депутаттың бұрын айтқан «билікті күшпен басып алу әрекеті» туралы сөзін еске салып, оның мұндай мәліметті қайдан алғанын сұрады. Сурабалдиева бұл тек оның жеке пікірі екенін және парламентке хат түскеннен кейінгі қызметтік тексерулер негізінде қалыптасқан саяси қорытынды екенін айтты.
Осыдан кейін депутат пен Қамшыбек Тәшиев арасында сөз таласы туындады. Тәшиев өз сөзінде депутаттың әкесі қаза болғаннан кейін оқиға орнына алғашқылардың бірі болып барғанын айтты. Сурабалдиева мұны саяси манипуляция деп атап, сотта бұл тақырыпты қозғамауды сұрады.
Төрағалық етуші судья Азирет Медеров тараптарға ескерту жасап, сот тек іс материалдары шеңберінде қаралуға тиіс екенін еске салды.
Бұған дейін Қамшыбек Тәшиев (Қырғызстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы) қызметінен босатылған болатын. Кейін оған және бірнеше бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларға билікті күшпен басып алуға әрекет жасау, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру сияқты ауыр баптар бойынша айып тағылды. Іс «75 адамның хаты» деп аталады, себебі тергеу деректеріне сәйкес, елде кезектен тыс президент сайлауын талап еткен ашық хатқа 75 адам қол қойған.

