Әлем

Қырғызстанда Жеңіс шыңына шығу үшін арнайы рұқсат енгізілді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қырғызстан билігі альпинистердің Жеңіс шыңына көтерілу тәртібін қатаңдатты. Енді Тянь-Шань тау жүйесіндегі ең қауіпті жеті мыңдықтардың біріне шығу үшін арнайы рұқсат қажет болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жеңіс шыңы Тянь-Шань тау жүйесінде, Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан. Ол жеті мың метрден асатын шыңдардың ішіндегі ең күрделі әрі қауіптілерінің бірі саналады. Қатал ауа райы мен техникалық жағынан қиын бағыттарға байланысты мұнда өрмелеу кезінде жазатайым оқиғалар жиі тіркеледі.

Жеңіс шыңынан бөлек, Қырғызстан аумағында тағы екі жеті мыңдық бар. Олар – Ленин шыңы және Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан Хан-Тәңірі.

Хан-Тәңірі өзінің мінсіз пирамидаға ұқсас пішінімен танымал. Оның жартас бөлігінің биіктігі 6995 метр болса, мұз жамылғысымен бірге 7010 метрге жетеді. Сондықтан альпинистік жіктеуде жеті мыңдықтардың қатарына енгізілген.

Ал биіктігі 7134 метр болатын Ленин шыңы Қырғызстандағы ең қолжетімді жеті мыңдық саналады. Жыл сайын мұнда жүздеген альпинист көтеріледі. Дегенмен мамандар бұл бағыттың да биік таулы альпинизмге тән қауіп-қатерлермен байланысты екенін ескертеді.

Көп оқылғандар