Сурет: ҚСЗИ
Елде Құрылтай сайлауына кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. Қазір партиялар тізімдерін тапсырып, Орталық сайлау комиссиясы құжаттарды тексеруде, сондай-ақ халықаралық байқаушыларды аккредиттеу басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жеті саяси партия кандидаттар тізімін бекітті: «Әділет» – 186, Respublica – 76, Қазақстан Халық партиясы – 72, «Ауыл» – 69, «Ақ жол» – 63, «Байтақ» – 47, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 33 кандидат. Барлығы 546 кандидат ұсынылды.
Конституциялық заң бойынша әр партиялық тізімдегі кандидаттардың кемінде 30 пайызы әйелдерден, 35 жасқа дейінгі жастардан және мүгедектігі бар адамдардан тұруы тиіс. Бұл талап мандат бөлу кезінде де сақталады.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, Қазақстанда инклюзивтік сайлау тетіктері дамып келеді.
«2021 жылдан бастап ОСК отырыстарының тікелей эфирлері мен барлық ақпараттық бейнематериалдар ымдау тіліне аудармамен қамтамасыз етіледі. 2022 жылдан бері елімізде Брайль қарпімен әзірленген дауыс беру бюллетеньдеріне арналған трафареттер дайындалып келеді. Жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ біз жергілікті атқарушы органдарға мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігін тексеруге белсенді түрде тартуды ұсынамыз», деді Ләззат Сүйіндік.
Қазір ОСК ұсынылған құжаттарды тексеріп, партиялық тізімдерді уәкілетті органдарға жолдап, кандидаттардың заң талаптарына сәйкестігін анықтайды. Тізімдерді тіркеу 23 шілде сағат 18:00-де аяқталады, содан кейін партиялар сайлауалды үгітке көшеді.
ОСК мәліметінше, сайлау әділдігін бақылау үшін 60 халықаралық байқаушыны аккредиттеуге құжаттар ұсынылған. Олардың қатарында ТМД байқаушылар миссиясы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы, сондай-ақ Мальдив Республикасы, Палестина, Венесуэла және Венгрия өкілдері бар.
Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.
Мазмұнға өту
