Сурет: Су ресурстары және ирригация министрлігі
«Қазсушар» РМК Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінің су теңгерімін сақтау және биологиялық әртүрлілікті қорғау үшін 40 млн текше метр су жіберді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Табиғатты қорғау шараларына кәсіпорынның «Қ.Сәтбаев атындағы канал» филиалы, сондай-ақ Қарағанды және Ақмола филиалдары қатысты.
Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан. Бұл аймақ қоқиқаздар мен басқа да құстардың негізгі мекен ету орындарының бірі саналады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, табиғи су нысандарын сақтау және жергілікті экожүйелерді қолдау үшін мұндай су жіберу жұмыстары Қазақстанның барлық өңірінде жыл сайын жүргізіледі.
«Су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау – шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Министрлік экологияға зиян келтірмей, ауыл шаруашылығы алқаптарына судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін үлкен күш жұмсап жатыр», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұған дейін Президент тапсырмасына сәйкес Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын аумақ мәртебесі берілетіндігі хабарланған болатын.
