Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында 60 төсектік жаңа көпбейінді ауданаралық аурухананың құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Медициналық кешен Қазталов, Жәнібек, Бөкейорда және Жаңақала аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жобаның жалпы құны 6,9 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда нысанның дайындығы 47%-ға жетті. Құрылысты 2027 жылдың қарашасында аяқтау жоспарлануда.
Жаңа аурухана шалғай елді мекендердің тұрғындарына облыс орталығына шықпай-ақ кең көлемде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Стационар 60 төсекке, оның ішінде 6 уақытша бақылау төсегіне арналған. Қабылдау бөлімі, тіркеу және диагностикалық орталық тәулігіне 96 келушіге дейін қызмет көрсете алады. Медициналық мекеме екі ауысымда, тәулік бойы көмек көрсету режимінде жұмыс істейді.
Жобада диагностикалық мүмкіндіктерге ерекше көңіл бөлінген. Мұнда МРТ және КТ аппараттары, ультрадыбыстық зерттеу және рентгенография жабдықтары, заманауи зертханалық жүйелер, өкпені жасанды желдету аппараттары және басқа да медициналық құрылғылар орнатылады.
Аурухананы жабдықтау аудан деңгейінде кең спектрлі диагностикалық зерттеулер жүргізуге, ауруларды уақтылы анықтауға және төрт аудан тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Кешен құрылымында жедел медициналық жәрдем бөлімі, стационарлық бөлімдер, дәрігерлердің консультативтік кабинеттері, дәріхана және қажетті көмекші инфрақұрылым қарастырылған. Нысанды жобалау кезінде қауіпсіздік, санитарлық-гигиеналық жағдайлар және пациенттердің жайлылығына қойылатын заманауи талаптар ескерілген.
Аурухана іске қосылғаннан кейін мұнда 21 дәрігер, 49 орта медициналық қызметкер және 51 басқа қызмет пен техникалық персонал жұмыс істейді деп жоспарлануда.
Жаңа медициналық мекемені кадрмен қамтамасыз етуге бөлек көңіл бөлінуде. Ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту және ұстап қалу үшін мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде көтерме жәрдемақылар және республикалық, облыстық және аудандық бюджеттер есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған.
Қазіргі уақытта нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Алаңда шамамен 60 адам және 5 техника бірлігі жұмылдырылған. «Мансап» орталығымен бірлесіп құрылысқа жергілікті тұрғындарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Мердігер — «Жайкселстрой» компаниясы.
Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа аурухана облыстың батыс бөлігіндегі тұрғындар үшін ауданаралық медициналық орталыққа айналады. Жобаны іске асыру шалғай аудандар тұрғындары үшін заманауи диагностика мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтады.
