Сурет: ДСМ
Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы гуманитарлық медициналық миссия аясында жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігерлер тобы жергілікті халыққа практикалық медициналық көмек көрсетіп, тәжірибе алмасуда. Миссия құрамына травматология, ортопедия, кардиология, педиатрия, хирургия, урология, пульмонология және эпидемиология салаларының жетекші мамандары кірген. Топ жетекшісі — академик Н. Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы директорының орынбасары Серік Балғазаров.
Мамандар Ауғанстандағы медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істеп, консультация беріп, ауған әріптестерімен бірлескен тексерулер мен консилиумдар өткізуде. Травматолог-ортопедтер күн сайын 40-қа дейін пациентті қабылдап, олардың ішінен хирургиялық емдеуді қажет ететін күрделі жағдайларды іріктейді. Күн сайын үш-төрт реконструктивтік-қалпына келтіру операциясы жасалып, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Ауғанстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында отандық травматолог-ортопедтер ауған тарапына Илизаров аппаратының жиынтықтарын табыстады. Бұл жүйе күрделі сынықтарды емдеуде және сүйек деформацияларын түзетуде қолданылады. Жабдықты беру жергілікті мамандардың жоғары технологиялық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосады.
Бұл Қазақстан дәрігерлерінің Ауғанстанға алғаш рет көмек көрсетуі емес. Өткен жылдың қарашасындағы жер сілкінісінен кейін де медициналық топ жіберіліп, он күнде 44 операция жасалып, 100-ден астам пациентке көмек көрсетілген. Медициналық миссия Қазақстанның гуманитарлық бастамасы аясында жүзеге асырылып, делегациямен бірге 318,8 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

