Қазақстанда 2050 жылға қарай төрт бірдей атом электр станциясы жұмыс істеуі мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын бекітті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мәлімдеді. Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл құжат бұған дейін жоғары мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдердің заңды жалғасы болып саналады.
«Стратегия Қазақстанда әлемдік ядролық экожүйеге интеграцияланған заманауи әрі тұрақты ядролық кластер қалыптастыруға бағытталған. Ол еліміздің энергетикалық және технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды элементіне айналуы тиіс», – делінген агенттік хабарламасында.
Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясы іске қосылады.
«Электр энергиясын тұтынудың болжамды өсімін ескере отырып, төртінші станцияны салу жобасы қарастырылған. Бұл экономика мен халықтың сенімді әрі экологиялық таза энергияға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық қамтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Атом энергиясы жөніндегі агенттік.
Сонымен қатар, стратегия аясында ескірген көмір станцияларын алмастыру үшін еліміздің қолайлы аймақтарында шағын модульдік реакторлар (ШМР) негізінде АЭС салу нұсқалары да қарастырылмақ. Бұл шешім технологиялық және экономикалық тиімділікке қарай қабылданады.
Фото: Әлеуметтік желіден

