Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда суррогат ана қызметін пайдалану тәртібі өзгерді. Енді бұл қызметке тек Қазақстан азаматтығы бар және ресми некеде тұрған ерлі-зайыптылар ғана жүгіне алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Заң бойынша суррогат анамен жасалатын келісім жазбаша түрде рәсімделіп, нотариус арқылы куәландырылуы тиіс. Сонымен қатар тапсырыс беруші ерлі-зайыптылар көмекші репродуктивтік технологияларды жүзеге асыратын медициналық ұйыммен жеке шарт жасасуға міндетті.
Суррогат ана қызметіне жүгінген жұп оның медициналық тексерілуіне, репродуктивтік технологияларды қолдануына және жүктілікке байланысты барлық шығынды өз мойнына алады. Сондай-ақ олар денсаулық жағдайы мен медициналық-генетикалық тексеру қорытындыларын ұсынуы қажет.
Тапсырыс берушілер суррогат ананың жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі 56 күн ішіндегі медициналық қызмет көрсету шығындарын төлеуге міндетті. Егер жүктілік немесе босану кезінде асқынулар туындаса, бұл мерзім 70 күнге дейін ұзартылады.
Суррогат ана қызметін шетел азаматтарына шектеу мәселесі 2025 жылдың соңында Мәжілісте көтерілген болатын. Депутаттар бұрынғы заңнама Қазақстанда балалардың азаматтығына қатысты құқықтық даулардың туындауына себеп болып отырғанын айтқан еді.
Мазмұнға өту
