Спорт

Қазақстанда ММА кафедрасы ашылуы мүмкін

Сурет: onefc.com

Еліміздегі спорт академияларының бірінде ММА кафедрасын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы «Бір Шаңырақ» форумында NAIZA аралас жекпе-жек лигасының президенті Нұрбек Қарабала мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Лига президенті ММА-ны академиялық деңгейде дамыту отандық спорт үшін маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамаға спорт түрінің Азия ойындарының бағдарламасына енгізілуі себеп болған.

«Біздің міндетіміз – осы спорт түрін жан-жақты дамыту, оның мәртебесін көтеру. Сондай-ақ ММА спортшысы мен жаттықтырушысы мамандығының беделін арттырып, сұранысқа ие ету. ММА кафедрасын ашу спортшылармен қатар жаттықтырушылар мен осы саладағы басқа да мамандарды кәсіби даярлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Нұрбек Қарабала.

«Бір Шаңырақ» форумында олимпиадалық емес спорт түрлерінің федерациялары мен лигалардың өкілдері бас қосты. Жиында ММА, грэпплинг, кикбоксинг, жауынгерлік самбо, джиу-джитсу, ушу-саньда, муай-тай, панкратион, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерін дамыту мәселелері талқыланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін танымал жекпе-жек шебері Қуат Хамитов UFC жұлдызы Арман Царукянмен кездесу өткізген болатын.

Көп оқылғандар