Спорт

Қазақстан құрамасы физика олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды

Сурет: Egemen Qazaqstan

56-шы Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO-2026) жеңімпаздарын Алматы халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Олимпиаданың бес алтын медаль иегері атанған Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов және Дамир Құрман елге оралды. Олармен бірге ұлттық құраманы дайындаған жетекші Гүлия Нұрбақова, сондай-ақ команда жетекшілері Самат Мақсұтов пен Әлішер Еркебаев та келді. Салтанатты қарсы алу рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты.

Биылғы Халықаралық физика олимпиадасы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Білім додасына әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет бес алтын медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл жеңіс қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін және олардың ұстаздарының кәсіби шеберлігін айқын көрсетті. Сондай-ақ бұл нәтиже білім беру жүйесін дамыту, дарынды жастарды қолдау және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің зияткерлік әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүйелі іске асырудың жемісі екені атап өтілді.

Көп оқылғандар