Сурет: istockphoto.com
Қазақстан бензин, дизель отыны және өзге де мұнай өнімдерін шетелге шығаруға қойылған шектеуді тағы алты айға созды. Тыйым 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін сақталады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тиісті бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес 2027 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін жеңіл дистилляттар, авиациялық керосин, дизель отыны, газойль, толуол, ксилол және мұнай битумын ЕАЭО аумағынан тыс елдерге шығаруға да тыйым салынады.
Дегенмен жекелеген жағдайларда мұнай өнімдерін шетелге алып шығуға рұқсат бар. Мәселен, бензин мен дизель отынын көліктің зауытта орнатылған жанармай багында алып шығуға болады.
Сонымен қатар авиациялық отынды сынақ жұмыстарына пайдалануға жол беріледі. Бұған қоса, Үкіметтің шешімімен мұнай өнімдерін гуманитарлық көмек ретінде шетелге жіберуге рұқсат етіледі.
Қазақстан мұнай өнімдерін экспорттауға тыйымды алғаш рет 2026 жылғы 21 мамырда енгізген болатын. Ол 21 қарашаға дейін сақталуы тиіс еді. Алайда министрлік шектеу мерзімін тағы алты айға ұзартты.
Айта кетейік, Энергетика министрлігі бұл шешімді шілде айында ұсынған еді.
Мазмұнға өту
