Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Вьетнамда өтіп жатқан Қазақстан мәдениеті күндері аясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Фам Тхи Тхань Чамен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Аида Балаева екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін атап өтіп, бұл серіктестік мәдениет пен гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты.
«Біз Вьетнамдағы мәдени және креативті индустриялардың дамуын үлкен қызығушылықпен бақылап отырмыз. Кинематография, орындаушылық өнер, мәдени туризм, мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі қолөнер және заманауи дизайн бағыттарында өзара тәжірибе алмасудың әлеуеті зор», деді Аида Балаева.
Кездесуде креативті туризмді дамытуға ерекше назар аударылды. Тараптар саяхатшыларды ұлттық мәдениетпен жақынырақ таныстыруға мүмкіндік беретін бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қарастырды. Атап айтқанда, дәстүрлі қолөнер, салт-дәстүр, ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сабақтары мен шығармашылық бағдарламалар ұйымдастыру ұсынылды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы кинематография саласындағы байланысты жандандыру мәселесі талқыланды. Екі елде кино апталықтарын өткізу, кинематографистердің халықаралық фестивальдерге қатысуын кеңейту, бірлескен түсірілімдер ұйымдастыру және ортақ киножобаларды жүзеге асыру бастамалары айтылды.
Тараптар мәдени туризмді дамыту аясында тарихи қалалар, музейлер, қолөнер орталықтары, фестивальдер мен заманауи мәдени кеңістіктерді қамтитын бірлескен туристік бағыттарды әзірлеу мүмкіндігін де қарастырды.
Кездесу соңында Қазақстан мен Вьетнам өкілдері мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен бастамаларды ілгерілетуге дайын екенін білдірді.
