Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстанның Ұлттық орталық музейінің өкілдері Қазанда өткен «РОСТКИ: Ресей мен Қытай – өзара тиімді ынтымақтастық» атты IV халықаралық форумға қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Форум аясында Қазақстан, Ресей және Қытайдың музей, ғылым және білім беру саласындағы өкілдері мәдени мұраны сақтау мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстандық делегация «Тарихи бағыттардан заманауи әріптестікке дейін: Ұлы Жібек жолы мұрасы аясындағы Қазақстан мен Қытайдың музейаралық ынтымақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.
Жиында Ұлы Жібек жолы мұрасын зерттеу мен насихаттаудағы музейлердің рөлі, сондай-ақ мәдениет ұйымдары арасындағы ғылыми және кәсіби байланыстарды дамытудың заманауи тәсілдері қарастырылды.
Форум барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі мен Татарстан Республикасының Ұлттық музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, екі елдің музейлері бірлескен көрмелер ұйымдастырып, ғылыми жұмыстар мен білім беру жобаларын жүзеге асырады. Сондай-ақ тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды нығайту жоспарлануда.
Мазмұнға өту
