Саясат

Қазақстан мен Грекия КҚК арқылы мұнай жеткізу мәселесін талқылады

Сурет: istockphoto.com

Қазақстан мен Грекия отандық мұнайды Еуропа нарығына қауіпсіз жеткізу жолдарын қарастырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев пен Грекия елшісі Антония Кацуру кездесуінде энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысы, энергоресурстарды үздіксіз жеткізу, кеме қауіпсіздігі және теңізде еркін жүзу мәселелері талқыланды.

КҚК Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие, өйткені бұл құбыр арқылы отандық мұнайдың шамамен 80 пайызы әлемдік нарыққа шығарылады.

Кездесуде сауда, инвестиция, көлік, гуманитарлық байланыстар және екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері де сөз болды. Грекия осы бағыттар бойынша әріптестікті нығайтуға дайын екенін білдіріп, тараптар саяси диалогты жалғастыруға келісті.

Еске салайық, шілдеде КҚК теңіз терминалы дрон шабуылдарына ұшыраған еді. 17 шілдеде Nordic Zenith танкеріне, ал 19 шілдеде тағы екі танкерге соққы жасалды. Осыған байланысты терминалда мұнай тиеу уақытша тоқтатылған болатын. Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылдарды айыптап, оларды ел экономикасына қауіп деп бағалады.

27 шілдеде Каспий құбыр консорциумы жүк жөнелтушілерден қайта мұнай қабылдап, оны Новороссийск портындағы терминал арқылы жөнелтетінін мәлімдеді. Бұған дейін Украина КҚК маңындағы танкерлерге дрон шабуылдарын тоқтатуға келіскені хабарланған.

Көп оқылғандар