Categories Әлем

Қазақстан халықаралық Pax Silica альянсына ресми түрде қосылды

Сурет: gov.kz

Қазақстан халықаралық Pax Silica технологиялық бастамасына ресми түрде қосылды. Еліміз Орталық Азиядағы аталған альянсқа кірген алғашқы мемлекет атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Pax Silica-ға қосылу туралы декларацияға және AI Opportunity Partnership бойынша бірлескен мәлімдемеге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды. Қол қою рәсімі АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтті.

Осылайша Қазақстан 15 мемлекеттің (Австралия, Финляндия, Грекия, Үндістан, Израиль, Жапония, Норвегия, Катар, Корея Республикасы, Сингапур, Швеция, Филиппин, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания) басын қосқан халықаралық технологиялық альянс құрамына ресми түрде енді.

Pax Silica – жасанды интеллект дәуіріне арналған сенімді жеткізу тізбектерін қалыптастыруға бағытталған халықаралық технологиялық бастама. Альянс жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, маңызды минералдар, деректер орталықтары, энергетикалық инфрақұрылым, жоғары технологиялық өндіріс, ғылыми зерттеулер және мамандар даярлау бағыттарында ынтымақтастықты көздейді.

Қазақстанның бастамаға қосылуы инвестиция тартуға, технологиялық серіктестікті кеңейтуге, жоғары технологиялық өндірісті дамытуға және елдің жаһандық жеткізу тізбектеріндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Еліміз бұл бастамаға маңызды минералдар қоры, энергетикалық әлеуеті, Еуропа мен Азия арасындағы тиімді географиялық орналасуы, цифрлық инфрақұрылымы және қарқынды дамып келе жатқан IT-экожүйесі арқылы үлес қосуды жоспарлап отыр.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – маңызды минералдарды терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығаруды дамыту. Қазақстан шикізат экспортынан бөлек, аккумуляторларға, жартылай өткізгіштерге, энергия сақтау жүйелеріне және жасанды интеллект инфрақұрылымына қажетті компоненттер өндірісін дамытуды көздейді.

«Бүгінде жаңа AI-экономика қалыптасып жатыр, онда жасанды интеллект тек цифрлық технология ғана емес, сонымен қатар жаңа өнеркәсіптік жүйенің негізіне айналады. Әрбір AI-шешімнің артында энергия, маңызды минералдар, есептеу қуаттары, деректер орталықтары, жартылай өткізгіштер, инженерлік кадрлар және қорғалған жеткізу тізбектері тұр», деді Жаслан Мадиев.

Сонымен қатар АҚШ Үкіметі Стэнфорд университетімен Foundry Schools желісін құру туралы меморандумға қол қойды. Бұл бағдарлама жасанды интеллект, инженерия, материалтану және жоғары технологиялық өндіріс салалары үшін білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін еліміз жасанды интеллект, технологиялық даму және экономикалық қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған AI Opportunity Partnership бірлескен мәлімдемесіне қосылған болатын.

Ұқсас жазбалар

Германияда орман өртеніп, соғыстан қалған оқ-дәрілер жарылып жатыр

Германияның Рейнланд-Пфальц федералдық жерінде орман өрті шығып, Трайзен қауымдастығының 650-ден астам тұрғыны эвакуацияланды.

Еуропада аптап ыстықтан 1 300-ден астам адам қайтыс болды

Еуропада 21 маусымнан бері тіркелген аптап ыстық салдарынан 1 300-ден астам адам қайтыс болды. Бұл…

Ливанда Израиль соққыларынан мәдени мұра нысандары зақымданды

Ливанның оңтүстігіндегі бірқатар мәдени мұра нысаны Израильдің соққысынан қирап, кейбірі қатты зақымданды.