Қаржы

Қазақстан экономикасы қаңтар–қазан аралығында 4,5%-ға өсті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметтері бойынша, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,5%-ға ұлғайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл көрсеткіш тоғыз айдағы деңгейден 0,3 пайыздық тармаққа жоғары. Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушысы шикізаттық емес сектор болды: алдын ала бағалау бойынша, ондағы өсім 5,6%-ды құрады.

Өнеркәсіп өндірісі 3,5%-ға артты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тоғыз айдағы 8,6%-дан он айдың қорытындысымен 9,3%-ға жетті.

Өңдеу өнеркәсібінде фармацевтика саласы ең жоғары өсім көрсетті – 50,9%. Дайын металл бұйымдарын өндіру 30,4%-ға, машина жасау 22,2%-ға, химия өнеркәсібі 21,9%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 18,1%-ға өсті. Тамақ өнімдерін өндіру 13%-ға, құрылыс материалдарын шығару 5,4%-ға артты.

Экономиканың өзге салаларында да оң динамика байқалады: құрылыс 13,1%-ға, көлік және қойма қызметтері 7,5%-ға, сауда 6,2%-ға, ауыл шаруашылығы 5,2%-ға, байланыс 4,9%-ға өсті.

Айта кетейік, 2019–2025 жылдары Қазақстан экономикасы нақты мәнде 28,9%-ға өскен. Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге бөлінді.

Көп оқылғандар